Фотокамераға және батареяға күтім көрсету: сақтық шаралары
Құлатып алмаңыз: қатты соққыға немесе діріл әсеріне ұшыраса, өнім дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін.
Құрғақ күйде ұстаңыз: бұл өнім суға төзімді емес және суға батырылса немесе ылғалдылығы жоғары жерде болса, дұрыс істемеуі мүмкін. Ішкі механизмнің тоттануы жөндеуге келмейтін зақымға әкелуі мүмкін.
Кенет температура өзгерісіне ұшыратпау керек: салқын кезде жылумен қамтамасыз етілген ғимаратқа кіретін немесе шығатын кезде пайда болатын температураның кенет өзгерістері құрылғы ішінде конденсаттың пайда болуына әкелуі мүмкін. Конденсаттың пайда болуына жол бермеу үшін температураның кенет өзгерісі әсер етпей тұрып, құрылғыны тасымалдау сөмкесіне немесе пластик қалтаға салыңыз.
Күшті магнит өрістерінен алыс ұстаңыз: бұл құрылғыны күшті электрмагнитті сәулелену немесе магниттік өрістер шығаратын жабдықтың қасында пайдаланбаңыз немесе сақтамаңыз. Радио таратқыштар сияқты жабдық шығаратын статикалық зарядтар немесе магниттік өрістер мониторға кедергі келтіруі, жад картасында сақталған деректерді зақымдауы немесе өнімнің ішкі тізбегіне әсер етуі мүмкін.
Объективті күнге қаратып қоймаңыз: объективті ұзақ уақыт бойы күнге немесе басқа күшті жарық көзіне бағытталған күйде қалдырмаңыз. Қатты жарық кескін сенсоры жұмысының нашарлауына әкелуі немесе фотосуреттерде ақ түсті бұлдырату әсерін тудыруы мүмкін.
Лазерлер және басқа қатты жарық көздері: лазерлерді немесе басқа өте қатты жарық көздерін объективке бағыттамаңыз, өйткені бұл фотокамераның кескін сенсорын зақымдауы мүмкін.
Қуат көзінен алу немесе ажырату алдында құрылғыны өшіріңіз: өнім қосулы немесе кескіндер жазылып немесе өшіріліп жатқан кезде өнімді розеткадан ажыратпаңыз немесе батареяны алмаңыз. Осындай жағдайларда қуатты күштеп ажырату деректердің жоғалуына немесе өнім жадының немесе ішкі тізбектің зақымдалуына әкелуі мүмкін. Қуаттың кенеттен үзіліп қалмауы үшін өнімді бір жерден екінші жерге айнымалы ток адаптері жалғаулы тұрғанда апаруға әрекеттенбеңіз.
Тазалау: фотокамера корпусын тазалаған кезде, шаң-тозаңды баппен тазалау үшін ауа үргішті пайдаланыңыз, содан кейін жұмсақ, әрі құрғақ шүберекпен абайлап сүртіңіз. Фотокамераны жағажайда немесе теңіз жағасында пайдаланғаннан кейін, құм немесе тұз түйірлерін аздап таза суға малынған шүберекпен сүртіңіз, содан кейін фотокамераның толық кебуін күтіңіз. Сирек жағдайларда статикалық электр тогы сұйық кристалдық дисплейлердің жануын немесе күңгірттенуін тудыруы мүмкін. Бұл ақау емес және дисплей көп ұзамай өз қалпына келеді.
Объектив пен айна оңай зақымдалады. Шаң-тозаңды ауа үргішпен баппен ғана тазалау қажет. Аэрозольды ауа үргішті пайдаланған кезде сұйықтығы төгілмеуі үшін сауытын тік ұстаңыз. Объективтегі саусақ іздерін немесе басқа дақтарды кетіру үшін жұмсақ шүберекке объективті тазалағыш сұйықтықтан шамалы құйып, объективті мұқият сүртіңіз.
Кескін сенсорын тазалау туралы ақпаратты «Кескін сенсорын тазалау» (0 Кескін сенсорын тазалау) бөлімінен қараңыз.
Объектив түйіспелері: объектив түйіспелерін таза ұстаңыз.
Ысырманың пердесін ұстамаңыз: ысырманың пердесі өте жұқа және оңай зақымдалады. Ешбір жағдайда пердеге күш салмау, оны тазалағыш құралдармен түртпеу керек немесе оған ауа үргіштен шығатын қатты ауа ағынын бағыттамау қажет. Бұл әрекеттер перденің сызылуына, деформациялануына немесе жыртылуына әкелуі мүмкін.
Ысырма пердесінің түсі біркелкі емес болып көрінуі мүмкін, бірақ бұл суреттерге әсер етпейді және ақауды білдірмейді.
Сақтау: зеңнің пайда болуына жол бермеу үшін фотокамераны құрғақ, жақсы желдетілетін жерде сақтаңыз. Егер айнымалы ток адаптерін пайдалансаңыз, өрттен сақтау үшін адаптерді розеткадан суырыңыз. Егер өнімді ұзақ уақыт бойы пайдаланбасаңыз, батареяның ағуына жол бермеу үшін алып қойыңыз және фотокамераны ылғал тартқышы бар пластик қалтада сақтаңыз. Дегенмен, фотокамера қабын пластик қалтада сақтамаңыз, себебі бұл материалдың бұзылуына әкелуі мүмкін. Ылғал тартқыш ылғалды сіңіру барысында өз мүмкіндігін баяу жоғалтатынын және оны жүйелі аралықтарда ауыстыру қажет екенін ескеріңіз.
Зеңнің пайда болуына жол бермеу үшін фотокамераны сақталған жерінен кемінде айына бір рет шығарып тұрыңыз. Фотокамераны қосыңыз және оны қайта салмай тұрып, ысырмасын бірнеше рет босатыңыз.
Батареяны салқын, әрі құрғақ жерде сақтаңыз. Батареяны басқа жерде сақтау алдында түйіспе тұс қақпағын орнына салыңыз.
Мониторға қатысты ескертпелер: монитор өте жоғары дәлдікпен жасалған; нүктелерінің кемінде 99,99%-ы жұмыс істейді, 0,01%-дан көп емес бөлігі жетіспейді немесе ақаулы болып табылады. Сондықтан, бұл дисплейлердің құрамында үнемі жанып тұруы (ақ, қызыл, көк немесе жасыл) немесе үнемі сөндірулі (қара) тұратын нүктелер бар болуы мүмкін болғанымен, бұл ақаулық емес және құрылғы жазатын кескіндерге әсер етпейді.
Монитордағы кескіндерді қатты жарық астында көру қиын болуы мүмкін.
Мониторды күшпен баспаңыз, себебі оған зақым келуі немесе ақау пайда болуы мүмкін. Монитордағы шаң-тозаңды ауа үргішпен тазалауға болады. Дақтарды жұмсақ шүберекпен немесе былғары терімен баппен сүртіп тазалауға болады. Монитор сынып қалса, әйнек сынықтарынан жарақат алмау және монитордағы сұйық кристал теріге тимеу немесе көз бен ауызға кіріп кетпеуі үшін сақ болу қажет.
Батарея және зарядтау құрылғысы: дұрыс пайдаланылмаса, батареялар ағуы немесе жарылуы мүмкін. Батареяларды және зарядтау құрылғыларын пайдаланған кезде мына сақтық шараларын сақтаңыз:
- Осы жабдықта пайдалану үшін бекітілген батареяларды ғана пайдаланыңыз.
- Батареяға жалын немесе қатты қызу әсерін тигізбеңіз.
- Батареяның түйіспе тұстарын таза ұстаңыз.
- Батареяны ауыстыру алдында өнімді өшіріңіз.
- Пайдаланбаған кезде батареяны фотокамерадан немесе зарядтау құрылғысынан алыңыз және түйіспе тұс қақпағын орнына салыңыз. Бұл құрылғылар сөндірулі тұрған кезде де шамалы заряд алады және батареяның қуатын батарея жұмыс істемейтін болғанша азайтуы мүмкін. Егер батарея біраз уақыт бойы пайдаланылмайтын болса, фотокамерадан сақтау үшін алу алдында оны фотокамераға салыңыз және таусылғанша пайдаланыңыз. Батареяны қоршаған орта температурасы 15 °C–25 °C салқын орында (ыстық немесе өте суық орындарды таңдамаңыз) сақтау керек. Батареяны кемінде алты ай сайын зарядтаңыз және зарядсыздандырыңыз.
- Батареяның қуаты толық таусылған кезде фотокамераны қайта-қайта қосу немесе сөндіру батареяның жарамды мерзімін қысқартады. Заряды толығымен таусылған батареяларды пайдалану алдында зарядтау керек.
- Батарея пайдаланылған кезде батареяның ішкі температурасы көтерілуі мүмкін. Ішкі температурасы жоғары кезде батареяны зарядтау әрекеті батареяның жұмысына әсер етеді және батарея зарядталмауы немесе тек жартылай зарядталуы мүмкін. Зарядтау алдында батареяның салқындауын күтіңіз.
- Батареяны іште 5 °C–35 °C қоршаған орта температураларында зарядтаңыз. Батареяны 0 °C-тан төмен немесе 40 °C-тан жоғары қоршаған орта температураларында пайдаланбаңыз; осы сақтық шарасы орындалмаса, батарея зақымдалуы немесе өнімділігі нашарлауы мүмкін. 0 °C пен 15 °C жəне 45 °C пен 60 °C аралығындағы батарея температураларында сыйымдылық азаюы жəне зарядтау уақыты артуы мүмкін. Температурасы 0 °C-тан төмен немесе 60 °C-тан жоғары болса, батарея зарядталмайды.
- Зарядтау кезінде CHARGE (ЗАРЯДТАУ) шамы жылдам жыпылықтаса (шамамен секундына сегіз рет), температура дұрыс ауқымда екеніне көз жеткізіңіз, содан кейін зарядтау құрылғысын розеткадан суырып, батареяны қайта салыңыз. Мәселе жалғасса, пайдалануды дереу тоқтатыңыз, сөйтіп батареяны және зарядтау құрылғысын дүкенге немесе Nikon компаниясының қызмет көрсету өкіліне апарыңыз.
- Зарядтау кезінде зарядтау құрылғысын жылжытпаңыз немесе батареяға тимеңіз. Бұл сақтық шарасын қолданбау өте сирек жағдайларда зарядтау құрылғысының батарея ішінара зарядталған болса да, зарядтау аяқталды деп көрсетуіне әкелуі мүмкін. Зарядтауды қайта бастау үшін батареяны алып, қайта салыңыз.
- Батарея төмен температураларда зарядталса немесе зарядталған температурадан төмен температурада қолданылса, оның сыйымдылығы уақытша азаюы мүмкін. Батарея 5 °C төмен температурада зарядталса, Battery info (Батарея туралы мәлімет) (0 Battery info (Батарея туралы мәлімет)) дисплейіндегі батареяның жарамды мерзімінің индикаторы уақытша азаюды көрсетуі мүмкін.
- Толық зарядталғаннан кейін батареяны зарядтай беру батареяның жұмысына әсер етуі мүмкін.
- Бөлме температурасында пайдаланған кезде толығымен зарядталған батареяның зарядын сақтау уақытының айтарлықтай төмендеуі батареяны ауыстыру керектігін көрсетеді. Жаңа батареяны сатып алыңыз.
- Жинақтағы қуат кабелі және айнымалы ток қабырға адаптері тек MH-25a зарядтау құрылғысымен бірге пайдалануға арналған. Зарядтау құрылғысын үйлесімді батареялармен ғана пайдаланыңыз. Пайдаланбаған кезде розеткадан суырып қойыңыз.
- Зарядтау құрылғысының түйіспелерін қысқа тұйықтамаңыз. Осы сақтық шарасын орындамау зарядтау құрылғысының шамадан тыс ысуына және зақымдануына әкелуі мүмкін.
- Батареяны пайдалану алдында зарядтаңыз. Маңызды шараларда фотосурет түсірген кезде, толық зарядталған қосалқы батарея дайын болсын. Орналасқан жеріңізге қарай қосалқы батареяларды тез арада сатып алу қиынға соғуы мүмкін. Салқын күндері батареяның сыйымдылығы төмендеуі мүмкін екенін ескеріңіз. Сырттағы салқын ауа райында фотосурет түсіру алдында батареяның толық зарядталғанына көз жеткізіңіз. Қосалқы батареяны жылы жерде ұстаңыз және екеуін қажетінше ауыстырыңыз. Жылығаннан кейін салқын батарея зарядының белгілі бір бөлігі қалпына келуі мүмкін.
- Пайдаланылған батареялар бағалы ресурс болып табылады; жергілікті ережелерге сай қайта өңдеуден өткізуге тапсырыңыз.