Құлатып алмаңыз: қатты соққыға немесе діріл әсеріне ұшыраса, өнім дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін.

Құрғақ күйде ұстаңыз: бұл өнім суға төзімді емес және суға батырылса немесе ылғалдылығы жоғары жерде болса, дұрыс істемеуі мүмкін. Ішкі механизмнің тоттануы жөндеуге келмейтін зақымға әкелуі мүмкін.

Кенет температура өзгерістеріне ұшыратпау керек: салқын кезде жылумен қамтамасыз етілген ғимаратқа кіретін немесе шығатын кезде пайда болатын температураның кенет өзгерістері құрылғы ішінде конденсаттың пайда болуына әкелуі мүмкін. Конденсаттың пайда болуына жол бермеу үшін температураның кенет өзгерістері әсер етпей тұрып, құрылғыны тасымалдауға арналған қапқа немесе пластик пакетке салыңыз.

Күшті магнит өрістерінен алыс ұстаңыз: бұл құрылғыны күшті электрмагнитті сәулелену немесе магниттік өрістер шығаратын жабдықтың қасында пайдаланбаңыз немесе сақтамаңыз. Радио таратқыштар сияқты жабдық шығаратын статикалық зарядтар немесе магниттік өрістер дисплейге кедергі келтіруі, жад картасында сақталған деректерді зақымдауы немесе өнімнің ішкі тізбегіне әсер етуі мүмкін.

Объективті күнге қаратып қоймаңыз: объективті ұзақ уақыт бойы күнге немесе басқа күшті жарық көзіне бағытталған күйде қалдырмаңыз. Қатты жарық кескін сенсоры жұмысының нашарлауына әкелуі немесе фотосуреттерде ақ түсті бұлдырату әсерін тудыруы мүмкін.

Лазерлер және басқа қатты жарық көздері: лазерлерді немесе басқа өте қатты жарық көздерін объективке бағыттамаңыз, өйткені бұл фотокамераның кескін сенсорын зақымдауы мүмкін.

Қуат көзінен алу немесе ажырату алдында өнімді өшіріңіз: өнім қосулы немесе кескіндер жазылып немесе өшіріліп жатқан кезде өнімді розеткадан ажыратпаңыз немесе батареяны алмаңыз. Осындай жағдайларда қуатты күштеп ажырату деректердің жоғалуына немесе өнім жадының немесе ішкі тізбектің зақымдалуына әкелуі мүмкін. Қуаттың кенеттен үзіліп қалмауы үшін өнімді бір жерден екінші жерге айнымалы ток адаптері жалғаулы тұрғанда апаруға әрекеттенбеңіз.

Тазалау: фотокамера корпусын тазалаған кезде, шаң-тозаңды баппен тазалау үшін ауа үргішті пайдаланыңыз, содан кейін жұмсақ, әрі құрғақ шүберекпен абайлап сүртіңіз. Фотокамераны жағажайда немесе теңіз жағасында пайдаланғаннан кейін, құм немесе тұз түйірлерін таза сумен азғантай ылғалдандырылған шүберекпен сүртіңіз, содан кейін фотокамераны толығымен кептіріңіз. Сирек жағдайларда статикалық электр тогы сұйық кристалдық дисплейлердің жануын немесе күңгірттенуін тудыруы мүмкін. Бұл ақау емес және дисплей көп ұзамай өз қалпына келеді.

Объективтер, көріністапқыштар және басқа шыны элементтер оңай зақымдалады. Шаң-тозаңды ауа үргішпен ақырын кетіру керек. Аэрозольды ауа үргішті пайдаланған кезде сұйықтығы төгілмеуі үшін сауытын тік ұстаңыз. Шыны беттерден саусақ іздерін және басқа дақтарды кетіру үшін жұмсақ шүберекке объективті тазалағыш сұйықтықтан шамалы құйып, шыныны мұқият сүртіңіз.

Кескін сенсорына тимеңіз: ешбір жағдайда кескін сенсорына күш салмау, оны тазалағыш құралдармен түртпеу керек немесе оған ауа үргіштен шығатын қатты ауа ағынын бағыттамау қажет. Бұл әрекеттер сенсорға сызат түсіруі немесе басқаша зақымдауы мүмкін. Кескін сенсорын тазалау туралы ақпаратты «Кескін сенсорын тазалау» (0 Кескін сенсорын тазалау) бөлімінде қараңыз.

Кескін сенсоры

Объектив түйіспелері: объектив түйіспелерін таза ұстаңыз және оларға саусақтармен, құралдармен немесе басқа заттармен тимеңіз.

Сақтау: Зеңнің пайда болуына жол бермеу үшін фотокамераны құрғақ, әрі жақсы желдетілетін жерде сақтаңыз. Егер айнымалы ток адаптерін пайдалансаңыз, өрттен сақтау үшін адаптерді розеткадан суырыңыз. Егер өнімді ұзақ уақыт бойы пайдаланбасаңыз, батареяның ағуына жол бермеу үшін алып қойыңыз және фотокамераны ылғал тартқышы бар пластик пакетте сақтаңыз. Дегенмен, фотокамера қабын пластик пакетте сақтамаңыз, себебі бұл материалдың бұзылуына әкелуі мүмкін. Ылғал тартқыш ылғалды сіңіру барысында өз мүмкіндігін баяу жоғалтатынын және оны жүйелі аралықтарда ауыстыру қажет екенін ескеріңіз.

Зеңнің пайда болуына жол бермеу үшін фотокамераны сақталған жерінен кемінде айына бір рет шығарып тұрыңыз. Фотокамераны қосыңыз және оны қайта салмай тұрып, ысырмасын бірнеше рет босатыңыз.

Батареяны салқын, әрі құрғақ жерде сақтаңыз. Батареяны басқа жерде сақтау алдында түйіспе тұс қақпағын орнына салыңыз.

Мониторға және көріністапқышқа қатысты ескертпелер: бұл дисплейлер өте жоғары дәлдікпен жасалған; нүктелерінің кемінде 99,99%-ы жұмыс істейді, 0,01%-дан көп емес бөлігі жетіспейді немесе ақаулы болып табылады. Сондықтан, бұл дисплейлердің құрамында үнемі жанып тұруы (ақ, қызыл, көк немесе жасыл) немесе үнемі сөндірулі (қара) тұратын нүктелер бар болуы мүмкін болғанымен, бұл ақаулық емес және құрылғы жазатын кескіндерге әсер етпейді.

Монитордағы кескіндерді қатты жарық астында көру қиын болуы мүмкін. Мониторды күшпен баспаңыз, себебі оған зақым келуі немесе ақау пайда болуы мүмкін. Шаңды немесе тозаңды ауа үргішпен кетіруге болады. Дақтарды жұмсақ шүберекпен немесе былғары терімен ақырын сүртіп кетіруге болады. Монитор сынып қалса, әйнек сынықтарынан жарақат алмау және монитордағы сұйық кристалл теріге тимеуі немесе көз бен ауызға кіріп кетпеуі үшін сақ болу қажет.

Көріністапқышта суреттерді жақтауға алу кезінде өзіңізді нашар сезінсеңіз немесе келесі белгілердің кез келгені болса, күйіңіз жақсарғанша пайдалануды тоқтатыңыз: жүрек айну, көздердің ауыруы, көздердің шаршауы, бас айналу, бас ауыруы, мойындағы немесе иықтардағы ауыру, көлікте басы айналу немесе қол-көз координациясын жоғалту. Қатарынан түсіру режимінде фотосурет түсіру барысында түсіру режимінің дисплейінің жыпылықтауы тез қосылуы және өшірілуі кезінде өзіңізді нашар сезінсеңіз де пайдалануды тоқтатыңыз.

Жарық шамдарды немесе артқы жағы жарықтандырылған нысандарды қамтитын суреттерде сирек жағдайларда сызықтар түріндегі бұрмалану көрінуі мүмкін.

Батарея және зарядтау құрылғысы: дұрыс пайдаланылмаса, батареялар ағуы немесе жарылуы мүмкін. Батареяларды және зарядтау құрылғыларын пайдаланған кезде мына сақтық шараларын сақтаңыз:

  • Осы жабдықта пайдалану үшін бекітілген батареяларды ғана пайдаланыңыз.
  • Батареяға жалын немесе қатты қызу әсерін тигізбеңіз.
  • Батареяның түйіспе тұстарын таза ұстаңыз.
  • Батареяны ауыстыру алдында өнімді өшіріңіз.
  • Пайдалану кезінде батарея қызуы мүмкін. Пайдаланудан кейін бірден батареяны ұстағанда сақ болыңыз.
  • Пайдаланбаған кезде батареяны фотокамерадан немесе зарядтау құрылғысынан алыңыз және түйіспе тұс қақпағын орнына салыңыз. Бұл құрылғылар сөндірулі тұрған кезде де шамалы заряд алады және батареяның қуатын батарея жұмыс істемейтін болғанша азайтуы мүмкін. Егер батарея біраз уақыт бойы пайдаланылмайтын болса, фотокамерадан сақтау үшін алу алдында оны фотокамераға салыңыз және таусылғанша пайдаланыңыз. Батареяны қоршаған орта температурасы 15 °C–25 °C салқын орында (ыстық немесе өте суық орындарды таңдамаңыз) сақтау керек. Осы процесті кемінде алты ай сайын бір рет қайталаңыз.
  • Батареяның қуаты толық таусылған кезде фотокамераны қайта-қайта қосу немесе өшіру батареяның жарамды мерзімін қысқартады. Заряды толығымен таусылған батареяларды пайдалану алдында зарядтау керек.
  • Батарея пайдаланылған кезде батареяның ішкі температурасы көтерілуі мүмкін. Ішкі температурасы жоғары кезде батареяны зарядтау әрекеті батареяның жұмысына әсер етеді және батарея зарядталмауы немесе тек жартылай зарядталуы мүмкін. Зарядтау алдында батареяның салқындауын күтіңіз.
  • Батареяны іште 5 °C–35 °C қоршаған орта температураларында зарядтаңыз. Батареяны 0 °C-тан төмен немесе 40 °C-тан жоғары қоршаған орта температураларында пайдаланбаңыз; осы сақтық шарасы орындалмаса, батарея зақымдалуы немесе өнімділігі нашарлауы мүмкін. 0 °C пен 15 °C және 45 °C пен 60 °C аралығындағы батарея температураларында сыйымдылық азаюы және зарядтау уақыты артуы мүмкін. Температурасы 0 °C-тан төмен немесе 60 °C-тан жоғары болса, батарея зарядталмайды.
  • Зарядтау кезінде CHARGE (ЗАРЯДТАУ) шамы жылдам жыпылықтаса (шамамен секундына сегіз рет), температура дұрыс ауқымда екеніне көз жеткізіңіз, содан кейін зарядтау құрылғысын розеткадан суырып, батареяны алып, қайта салыңыз. Мәселе жалғасса, пайдалануды дереу тоқтатыңыз, сөйтіп батареяны және зарядтау құрылғысын дүкенге немесе Nikon компаниясының қызмет көрсету өкіліне апарыңыз.
  • Зарядтау кезінде зарядтау құрылғысын жылжытпаңыз немесе батареяға тимеңіз. Бұл сақтық шарасын қолданбау өте сирек жағдайларда зарядтау құрылғысының батарея ішінара зарядталған болса да, зарядтау аяқталды деп көрсетуіне әкелуі мүмкін. Зарядтауды қайта бастау үшін батареяны алып, қайта салыңыз.
  • Батарея төмен температураларда зарядталса немесе зарядталған температурадан төмен температурада қолданылса, оның сыйымдылығы уақытша азаюы мүмкін. Батарея 5 °C төмен температурада зарядталса, Battery info (Батарея туралы мәлімет) дисплейіндегі батареяның жарамды мерзімінің индикаторы уақытша азаюды көрсетуі мүмкін.
  • Толық зарядталғаннан кейін батареяны зарядтай беру батареяның жұмысына әсер етуі мүмкін.
  • Бөлме температурасында пайдаланған кезде толық зарядталған батареяның белгілі бір уақыт ішінде тез азаюы оны ауыстыру қажеттігін білдіреді. Жаңа EN-EL15b батареясын сатып алыңыз.
  • Жинақтағы қуат кабелі және айнымалы ток қабырға адаптері тек MH-25a зарядтау құрылғысымен бірге пайдалануға арналған. Зарядтау құрылғысын үйлесімді батареялармен ғана пайдаланыңыз. Пайдаланбаған кезде розеткадан суырып қойыңыз.
  • Зарядтау құрылғысының түйіспелерін қысқа тұйықтамаңыз. Осы сақтық шарасын орындамау зарядтау құрылғысының шамадан тыс ысуына және зақымдануына әкелуі мүмкін.
  • Батареяны пайдалану алдында зарядтаңыз. Маңызды шараларда фотосурет түсірген кезде, толық зарядталған қосалқы батарея дайын болсын. Орналасқан жеріңізге қарай қосалқы батареяларды тез арада сатып алу қиынға соғуы мүмкін. Салқын күндері батареялардың сыйымдылығы төмендеуі мүмкін екенін ескеріңіз. Сырттағы салқын ауа райында фотосурет түсіру алдында батареяның толық зарядталғанына көз жеткізіңіз. Қосалқы батареяны жылы жерде ұстаңыз және екеуін қажетінше ауыстырыңыз. Жылығаннан кейін салқын батарея зарядының белгілі бір бөлігі қалпына келуі мүмкін.
  • Қайта зарядталатын батареяларды жергілікті ережелерге сай, алдымен түйіспе тұстарды лентамен оқшаулап қайта өңдеуге тапсырыңыз.

Зарядтау айнымалы ток адаптері: зарядтау айнымалы ток адаптерін пайдаланғанда төмендегі сақтық шараларын қолданыңыз.

  • Зарядтау кезінде фотокамераны жылжытпаңыз. Бұл сақтық шарасын қолданбау өте сирек жағдайларда фотокамераның батарея ішінара зарядталған болса да, зарядтау аяқталды деп көрсетуіне әкелуі мүмкін. Зарядтауды қайтадан бастау үшін адаптерді ажыратып, қайта қосыңыз.
  • Адаптердің түйіспелерін қысқа тұйықтамаңыз. Осы сақтық шарасын орындамау адаптердің шамадан тыс қызуына және зақымдануына әкелуі мүмкін.
  • Пайдаланылып жатпағанда адаптерді розеткадан ажыратыңыз.